ШЫМКЕНТТЕ «ZIYATKER | SHYMKENT» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ
Білім · 14 қазан 2026

ШЫМКЕНТТЕ «ZIYATKER | SHYMKENT» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де 10–11 сынып оқушылары арасында «ZIYATKER | SHYMKENT» интеллектуалдық байқауының қалалық кезеңі өтті.

Байқаудың алғашқы мектепішілік кезеңіне қаладағы білім беру ұйымдарынан 800-ге жуық оқушы қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен 324 оқушы қалалық кезеңге жолдама алды.

Қалалық кезеңнің ашылуында Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының директоры Әшірбек Абытұлы Адеев және Жастар ресурстық орталығының директоры Жансерік Бауыржанұлы Жұман қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жобалардың жастардың білімге, ізденіске және интеллектуалдық дамуға деген қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті.

Байқаудың негізгі ұйымдастырушысы, модераторы әрі жүргізушісі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің өкілі Жандос Шынжырбайұлы қатысушыларды университеттің білім беру мүмкіндіктерімен таныстырып, жобаның алдағы кезеңдері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар байқау жеңімпаздарына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранттары, ал бас демеуші Eduser компаниясы тарапынан құнды сыйлықтар табысталатынын жеткізді.

Қалалық кезең барысында оқушылар эрудициялық және интеллектуалдық бағыттағы тапсырмаларды орындап, өз білімдерін сынады. Жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар 1/8 финалдық телевизиялық кезеңге жолдама алады.

Жобаның негізгі мақсаты – білімді, ізденімпаз және жан-жақты оқушыларды анықтап, олардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту, білімге деген қызығушылығын арттыру және жастар арасында зияткерлікті насихаттау.

Байқаудың келесі кезеңдері телевизиялық форматта ұйымдастырылып, Ontustik TV телеарнасында көрсетіледі.

2 қаралым

Ұқсас жаңалықтар